"Ауылына қарап азаматын таны" деген сөз бар...
Әр ауылда, ауданда, қалада, облыста "Ардагерлер кеңесі" бар екенін БАҚ арқылы біліп жүрміз..
Талай ауылда, елді мекенде болып жүрміз. Шынын айту керек, көпшілігінде әлгі кеңестің аты бар, заты жоқ..
Келтемашат ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің (Түлкібас ауданы, ОҚО) жұмысымен жақсы таныспын.
Кеңесті Құлыбеков Оңласын Жүнісұлы деген 65-жастағы ағамыз басқарады.
Ардагерлер жиналып, ауылдағы шешілуі тиіс мәселелерді шешуге атсалысып отырады. Ауылдық округке қарайтын Кершетас, Жиынбай ауылдарына тартылған көгілдір отын құбыры 2009 жылы тікелей осы кеңестің күшімен шешілген. Ауылдағы жер мәселесі, мал жайылымы, жастар тәрбиесі, мектептердің жұмысы т.с.с. мәселелер ардагерлердің жіті назарында.
Қысқасы атқарылып жатқан жұмыс айтуға тұрарлық. Ең бастысы, бәрі қоғамдық негізде атқарылады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Оңласын аға мемлекеттен бір тиын сұраған емес.
Кеңес ауылдан шыққан кәсіпкерлердің демеушілігімен ардагерлерге демалыс үйлеріне жолдама беріп отырады. Ешқандай тамыр-таныстыққа жол жоқ. Барлық шешім дауыс беру арқылы шешіледі.
Кеңестің нақты жұмыс жоспары бар.
Жақында Түлкібас ауданынының аудандық мәдениет үйінде Келтемашат ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Құлыбеков Оңласынның ұйымдастыруымен қазақтың ұлттық қолөнерінің шебері, ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, кәсіпқой суретші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі Батырбек Тұғанбайұлы Өтеповтің 70 жылдығына арналған «КҮТ МЕНІ ТУҒАН ЕЛ» атты іс – шара өткізіліп, артынан марқұмның рухына бағыштап ас берілді.
Іс-шараға суретшінің жұбайы мен ұл-қыздары, замандас құрбы-достары, әріптестері қатысып, республиканың түкпір – түкпірінен қонақтар шақырылды.
Аталған ауылдың ардагерлері 5.05.2016 ж. өткізген «Ұлыларды ұлықтау – Ұрпақ парызы» атты семинарға қатысқан болатынбыз. Өкінішке қарай, соңғы өткізген іс-шараға қатыса алмадық.
Барлық ауылда дерлік ақсақалдар кеңесі бар.
Өкінішке қарай, кейде ойға алған мақсаттары бір болғанмен жасап жүрген жұмыстары бір біріне ұқсай бермейді.
Мәселен, Түркстан қаласындағы Молда Мұса атындағы мектептің әділетсіздік көріп, құзырлы мекемелерге шағымданған мұғалімдеріне топырлап барып, басу айтқан ақсақалдар мектепте арты дауға айналған ақша жиналып жатқан кезде қайда болды?
Ауыл-үйдің ұрлығы жатпайтыны белгілі.
Ауылдағы түрлі әңгімелерден ертерек қорытынды жасап, мектеп басшылығын қадағалап отырғанда жағдай мұншалықты ушықпас еді ғой..
Айтайын дегеніміз, Келтемашат ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің жұмыс тәжірибесін облысқа тарату керек.









