«Еңсегей бойлы ер Есім» / Казахи / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры
Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется. Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены. Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него.












Казахи



Основные темы: история и традиции; менталитет и особенности; наши за рубежом; родственные связи; дружба между народами.

Блог kazakhs
Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация



«Еңсегей бойлы ер Есім»

Есім хан ордасы

«Еңсегей бойлы ер Есім»

1598 жылы Бұқар үшін шайқаста алған ауыр жарадан Қазақ ханы Тәуекел қайтыс болып, хан тағына оның туған інісі Шығайұлы Есім отырды. Сұлтан кезінде-ақ ерліктерімен көзге түсіп ел аузында «Еңсегей бойлы ер Есім» атанған Есім хан, кейіннен «Есім ханның ескі жолы» атты қазақ халқының заңдарын шығарушы ретінде де тарихқа енді. Хан тағына отыра сала, Есім Бұқарамен бітімге келді. Арадағы келісім бойынша Қазақ хандығына Сыр бойындағы қазіргі қалалармен қоса бүкіл Оңтүстік Қазақстан және  Ташкент, Ферғана аймақтары енді.

Бірақ, 1607 году бұқарлықтар шартты бұзып, тұтқиылдан шабуылдап  Ташкентті уақытша басып алды. Бірақ, есін жиып, күшін жинақтаған Есім  хан Ташкентке қайта шабуылдап, Бұқар ханын бітім сұрауға мәжбүрледі. Арадағы келісім бойынша Ташкент екі хандыққа ортақ болды. 1611 ж. Бұқарда бұлғақ басталып, олар өз бастарымен әлек болған кезде Есім хан Қазақ хандығына Ташкентті түпкілікті қосты.

Есім хан туралы айта берсе, ел аузында  әңгіме де, тарихи деректер де баршылық. Кейбір деректер екінші бір деректерді жоққа шығаратын тұстары да жоқ емес. Қалай болғанда да, Шығайұлы Есім өмірі әлі терең  зерттеуді талап етеді.

Сондықтан, біз Есім хан кезеңіндегі қазақ тарихының  тек оңтүстік өңірге қатысты тұстарына тоқталайық.

«Ауруын жасырған өледі» дегендей, айтпай кетуге болмайды. Қазақ тарихында Шыңғыс ханның  кейбір тұқымдарының шектен тыс таққұмарлығы қанқұмарлыққа ұласып, арты қара халықтың құрбандыққа шалынуымен аяқталған қырғындар да жетерлік.

Соның бірі «Қатаған қырғыны»!

Қазанғап Байболұлының 1941 ж. жазылып біткен «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанын өзге деректермен салыстыра отырып, зерттегенімізде біраз жайттың беті ашылғандай болды. Бір қызығы, осы дастанда баяндалатын оқиғалар 1993 жылы баспадан шыға сала қоғамда үлкен дау тудырып, атышулы талай әңгімеге арқау болған  Қазыбек бек Тауасарұлының "Түп-тұқияннан өзіме дейін" деген кітабымен үндесіп жатқан тұстары да жеткілікті.

Жалым сұлтанның ұлы Тұрсын Есім ханға қарсы бірнеше рет бүлік шығарғаны белгілі. Сондай бір кезекті бүліктен кейін екеуін Есім ханды паналап Түркстанда жүрген Әбілғазы Бахадүр жарастырған. ( Әбілғазының «Шежіре-и түрік» еңбегіңде 1625 ж. Тұрсын сұлтанның Түркстандағы  Есім хан ордасында қонақта болғаны баяндалған). 1627 ж. Моғолстаннан жағында жүрген  Есім ханның Сайрамсу бойындағы ордасына (қазіргі ОҚО, Төлеби ауданы,  Кеңесарық ауылы) Тұрсын шабуыл жасаған. Қамсыз отырған ел тоз-тозы шығып, қырғынға ұшырап, Есімнің туыстары сол маңдағы «Қорғантас» деген құздағы үңгірге жасырынып жан сақтайды. (Сол өңірде 46 жыл орманшы болған  Кертай Баялиев (1929 ж.т.) ақсақалдың айтуынша, үңгірге тек төбеден арқанмен ғана түсуге болады. Жергілікті халық «дуамен байланған киелі үңгір» деп жолай бермейтін сол үңгірге түсер сатының арша бұтақтарынан өрілген қалдықтары өткен ғасырдың 50 жылдарына дейін тұрған көрінеді. Ленинградтық бір топ ғалым 1960 жылдары сол үңгірді іздеп келген. Бірақ, Кертай ақсақал киелі үңгірдің киепеті ұрпағыма тиіп кетер деп, барар жолды көрсетпеген).

...Жақсығұл саған айтамын,

Аңғырт, шалыс адамсың,

Адам емес, надансың,...

...Бас ие болып, бата алып,

Еркекпін деп қалғансың.

Етегі салпы өр Дулат,

Қопал халық тәмамсың.

Тілсіз балалар өлгенше,

Сен жаман өлсең болмай ма?...деген жолдардан Есім хан жорыққа аттанарда арттағы бала-шағасына бас-көз болу үшін қалдырған  жасақ басшысы Бөгежіл Жақсығұл мергеннің өздеріне артылған міндетті ойдағыдай орындай алмағанын байқаймыз. Ауыр  жорықтан   жаңа оралған Есім хан араға дәнекер болып, Тұрсынмен  ант ұстасып  жарастырған Әбілғазыға :

«...Абылғазы баһадур,

Дұғай сәлем досыма,

Боп едік қой басында,

Алдамаққа әдісқой,

Сен екенсің ашына.

Аман болып қатаған,

Қырылған қазақ қырылсын,

Бір келіп кет қасыма.

Не деп едік басында,

Ағарғанда сақалың,

Болғаның аға осы ма?..» -деп ашу-ызаға толы хат жазады.

Сосын,  Тұрсын бастаған Қатағандарға қарсы бір тудың астына жиналайық деп ұлыс билеріне сәлем жолдайды. Барлық қазақ қосындарын қол астына жиған Есім хан «қазақтың қаны бекерге төгілмесін, тұтқын болған адамдар мен тоналған дүние-малды қайтарып, аяғыма жығыл» деп Тұрсын ханға қырғыз манабы Көкімді жібереді.

...Ханы еді қырғыздың,

Ер Көкім би деген-ді.

Жеңген жаққа қосылып,

Олжа алсам деп еді,

Дүниеге көзі тоймаған,

Бұл да үміткер ел еді.

Пікір, қулық ойлаған,

Қарауырақ неме еді...

Бірақ, Тұрсын Есімнің талабын қабылдамай тастайды.

Осы соғыс туралы М.Мағауин Мәшһұр-Жүсіпке сілтеме жасай отырып, былай дейді: ...«Бірі қорқаулықтан, бірі кектен көздерін қан басқан екі әмірші Сайрам қамалының түбінде беттеседі. Бір жақта екі арыс қатаған, және оған ерген соншама қауым, екінші жақта үш арыс алаш және оған қосылған қаншама жұрт. Бәрі де қазақ»...

Балх билеушісі Нәдір Мұхамед ханның тапсырысымен 1634-1641 жылдары жазылған Махмұд ибн Уалидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» атты кітабында Есім мен Тұрсын арасындағы шайқас Сайрамға бағынышты  "Саид сукмас" деген жерде өткені айтылған (Өкінішке қарай, сұрастырып көргенімізде Сайрамның қазіргі тұрғындарына "Саид сукмас" деген жер атауы таныс емес болып шықты).

Сірә, жер жағдайын білмеуі кедергі болса керек, Мұхтар ағамыз да шайқас Сайрам қамалының түбінде өтті («Қазақ тарихының әліппесі» Алматы-1995 ж.)  деп қысқа қайырады. Ал, Қазанғап ақын шайқас кезінде Есім хан ставкасының солтүстігі Түлкібас, Дәу баба, батысы Қазығұрт, Шымкентке дейінгі жер алақандағыдай анық көрінетін «Мыңбайыр» жотасында (қазіргі Керегетас, Диханкөл ауылдарының желкесіндегі биік жота), ал Тұрсынның шатыры кейін «Шатыртөбе» (қазіргі Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округi), аталып кеткен жерде тұрғанын анық көрсетіп қана қоймайды, екі тараптан жекпе-жекке шыққан батырлар туралы да үлкен ақпарат береді.

Мәселеңки, Қатағанның бас батыры Айрылмастың жекпе-жекке киер киімін суреттегенде

...Керіктің қалың терісін,

Басына қалқан қойдырды,

Түтеген мылтық тиер деп,

Өзінің алдын тор қылды...деп қайырған жолдар этнографтарды да  қызықтырары сөзсіз. Қазақ батырларының тек, Африка құрлығын мекендейтін керіктің (жираф)терісімен қалқанын қаптауы сол кездегі сауда байланыстарының ауқымы өте кең болғанынан хабар берсе керек?!

Ал, енді шешуші шайқас қай жерде өтті?

Шайқас болған жерді  табу үшін алдымен екі жақ әскерінің санын шамалап болса да, анықтау қажет екендігі түсінікті. М.Мағауиннің деректері бойынша, Тұрсын хан  1623 ж. Бұхара ханы Имамқұлыға қарсы 100 мың әскер шығарыпты. Одан кейінгі 4-5 жыл ішінде Тұрсынның қосындары көбеймесе, азаймағаны анық. Күші азайса, әлденешінші рет Есімге қарсы шығуы екіталай еді. Тұрсында 100 мың әскер болса, осы шайқаста жеңіске жеткен Есім хан әскерінің саны да одан кем болмаса керек!

Сайрамсу алабында осыншама қыруар әскер еркін соғыса алатын жер Ақсу өзенінің сол жағы мен Сайрамсу (Балдыбірек) өзенінің оң жағасын бойлай,  «Майбұлақ» ауылынан (Төлеби ауданы)  мен Кепесарай ауылына (Сайрам ауданы) дейін созылып  жатқан «Саңлақ» жазығы ғана.

...Балдыбірек деуші еді,

Сайрамсу бір саласын,

Дабырашалды бір төбе,

Азат биік бас жағы.

Басына шығып төбенің,

Дағара шалды Есім хан»...

Ақынның «Дабырашалды» деп отырғаны Балдыбірек өзенінің сол жағасындағы қазіргі Майбұлақ (Жамбыл) ауылының солтүстік шетінде орналасқан биік төбе. Ол төбе аталған соғыстан кейін «Даңғырашалды» аталып кеткен  (Ресей отаршылары 1906 ж. осы жерде «Доброшалды» деген село орнатқан. Кейінірек, селоға «Борисовка» атауы беріліп,, Кеңес заманында «Майбұлақ» атала бастады. ОҚО Облыстық мұрағаты). Бұл жерде ақынның аталған жырларды 1941 ж. көктемде жазып бітіргенін ескеру керек.

Шайқастың қалай өткені туралы М.Мағауин ештеңе айтпайды. Ал, Қазанғап Байболұлы мен Қазыбек бек Тауасарұлының шайқас эпизодтарын суреттеуі өте ұқсас, ал басты кейіпкерлердің есімдері бірдей.  Екі автор да бір дереккөзді пайдаланғаны анық байқалады.

Бірнеше күнге созылған кескілескен ұрыстан соң Тұрсын ханның әскері тас-талқан боп жеңіледі. Бұл туралы авторлар  былай дейді:

...Туы құлап хан Тұрсын,

Не болсаң халқым, о бол деп,

Ташкентке қарай жөнеді.

...Қошынын жинап Есім хан,

Хан Абатқа жөнелді,

Хан Тұрсын сонда деп еді.

Ташкентпенен арасы,

Сәскелік қана жер еді... (Қазанғап Байболұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» жыры. «Төле би» кітабы-1993 ж.).

...«Есім ханның тепкісіне шыдай алмаған Тұрсын хан жеңіліске ұшырап Ташкентке шегінеді»... (М.Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» Алматы-1995 ж.).

...«Ақыры, оны (Тұрсынды) Есімхан Сайрамсудан Ташкентке дейін қуып, Ташкент түбіндегі хан Абат деген жерде өлтірді»... (Қазыбек бек Тауасарұлы "Түп-тұқияннан өзіме дейін" –Алматы-«Жалын» баспасы-1993 ж.192-бет).

Сонымен, қазақ тарихына «Қатаған қырғыны» атанып енген қырғын Сайрамсуда басталып, Ханабадта аяқталды. Қатаған тайпасының «арбаның күпшегінен бойы асқан еркек кіндіктісі түгел найзаға ілініп, әйел заты түгел үлес-олжаға берілді, түрлі себеппен кешірім жасалған жекелеген топтары басқа руларға таратылады » (М.Мағауин).

Қазанғап Шәкерімге сілтеме жасап, Тұрсын ханның Қоңырбике, Айбике, Нұрбике атты қыздары  Арғын -Тобықты жігіттеріне тигенін айтады.

«Қатаған қырғынының» туысқа туыс қол көтерген АЗАМАТ соғысы екенін Қазанғап пен Қазыбек бек Тауасарұлы  Сүлейменнің (Есім ханның батыры ) өзінің туған қайынағасы Айрылмасты (Тұрсын ханның бас батыры)  жекпе-жекте өлтіруімен көрсетеді.

«Қатаған қырғыны ―Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды. Іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіс ұлыстың екі бөлшегі түнекке батыпты. Содан былай, қазақ мемлекетін құраған қауым алты алаш деп аталады» деп топшылайды М.Мағауин.

Ия, шынында да «Қатаған қырғынынан» есеңгіреп қалған қазақ, тек «Орбұлақ шайқасынан кейін ғана, еңсесін қайта тіктей бастады. Оған, 1628 жылдан «Орбұлақ шайқасына»  (1643 ж.)  дейінгі деректердің мардымсыздығы куә. Шет жерлік дереккөздерді айтпағанда, осы кезеңде өзіміздің ақын-жырауларымыз да «үнсіз» қалған.

Тарихшылар әлі күнге Есім ханның қай жылы қайтыс болғаны туралы ортақ пікірге  келген жоқ. Біреулері 1628 ж. десе, екінші біреулері 1645 - жылы қайтыс болған деседі.

Қалай болғанда да, «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағын жетілдіріп, «Есім ханның ескі жолы» атты жаңа заң шығарған Есім ханның халық жүрегінде берік орын алғанын Қазанғап ақынның төмендегі жолдарынан көруге болады.

Хан өсиеті

Шақырып Есім айтты қазақ ұлын:

...Сырбаз жеп, қымыз ішіп, ақымақ боп,

Зілінде жарамайды көшпелігің.

Даланың жазын жайлап, көгін көктеп,

Өнерсіз, тағы сор да аңқаулығың.

Қалалы орнықты ел болмадыңдар,

Киіз үй туырлық, ағаш тіршілігің.

Қарның тоқ, уайымың жоқ болғаннан соң,

Қамы жоқ инедейін кейінгінің.

...Түбіңе жетер түбі алалығың,

Бұл жақта жапон, қытай, бұяқта орыс,

Біреуі алмай қоймас өнерлінің.

Менен соң қилы-қилы заман болар,

Қоңсы боп шегір көзді адам қонар.

Атаны бала құрмет қылмайтұғын,

Ағаға іні қарсы табан қояр.

Біріңді бірің шағып, күнде өлтіріп,

Мал-мүлкің, қатын-балаң талан болар

Соратын теспей қаның басшы болып,

Ақырың осыменен тәмадалар.

Біріңнің бақайыңнан бірің тартып,

Мен емес, мына күндер саған болар.

Қос-қос орда, қос орда,

Қосылып қонбас бізден соң.

Бала сыйлап атасын,

Құрметтемес бізден соң.

Ауызбірлік, ынтымақ,

Бола бермес бізден соң.

Бала қамын ойланып,

Ер тумайды бізден соң.

Ғылым, өнер үйреніп,

Қазақ болып қарайып,

Халық болмас бізден соң.

Тиын пара жеместен,

Төре жүрмес бізден соң...

(Қазанғап Байболұлы «Еңсегей бойлы ер Есім» жыры. «Төле би» кітабы-1993 ж.).

Ендігі мәселе, сол шайқас өткен жер мен хандардың шатыры тігілген төбелерді мемлекет қорғауына алып, ескерткіш орнатпасақта, атаулары жазылған тақтайшалар орнатып қоюға болар еді.

 

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ – тарихшы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Шымкент қ.

   


Источник: http://yvision.kz/post/485814